Соңғы 4 жылдағы рекордтық көрсеткіш: Қазақстанда долларға сұраныс күрт өскен
Өткен жылдың желтоқсанында халық ақша айырбастау пункттерінен 322,8 млрд теңгеге доллар сатып алған.
Алматы мен Астана көш бастады
Ұлттық банк дерегінше, доллармен сауда-саттық қараша айымен салыстырғанда 38 пайызға, ал 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 83 пайыз жоғары қалыптасқан. Бұл соңғы төрт жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Бірінші кредиттік бюро мәліметіне сүйенсек, АҚШ валютасына Алматы мен Астана қалаларында сұраныс айрықша жоғары: желтоқсанда Алматыда доллар бойынша нетто сауда 157,5 млрд теңгеге, Астанада 35,1 млрд теңгеге жетті. Қараша айымен салыстырғанда екі мегаполисте де сұраныстың күшейгені анық байқалады.
Өзге валюталар сатылымы
Еуроға келсек, республика бойынша нетто сатылым 14,2 млрд теңгені құраса, желтоқсанда бұл көрсеткіш 14,7 млрд теңгеге дейін сәл өсті. Еуроға деген сұраныс негізінен ірі қалаларда шоғырланған: Алматы мен Астана бұл валютаның негізгі айналым орталығы болып қала берді.
Ал Ресей валютасына сұраныс, керісінше, азайған. Қараша айында айырбастау пункттері рубльді 18,6 млрд теңгеге сатып алса, желтоқсанда бұл көлем 11,8 млрд теңгеге дейін азайған.
Яғни, рубль сату көлемі сақталғанымен, оның қарқыны бәсеңдеген. Бұл жағдай рубльге деген қызығушылықтың төмендеп, нарықтағы қысымның біршама әлсірегенін көрсетеді.
Не ықпал етті?
Желтоқсанда АҚШ долларының орташа бағамы 511,46 теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, қарашада бұл көрсеткіш 522,72 теңге, ал қазанда 539,92 теңге деңгейінде болған. Демек, теңге қайта әлсіреуі мүмкін деген долбар АҚШ валютасына сұранысты арттырған болуы мүмкін дейді мамандар.
16:53
189
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.